Абай атындағы жалпы білім беретін мектебінде маңызды жиын өтті. «Зайырлылық – Қазақстандық қоғамның рухани дамуының кепілі» тақырыбында өткен кездесуге АТТ мүшесі, белгілі сарапшы Абдрайым Ахмет арнайы қатысты. Жиынға жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер, мектеп әкімшілігі қатысты.
Абдрайым Ахмет өз сөзінде зайырлылықтың мәні мен маңызына тоқталып, оның Қазақстан қоғамындағы орны туралы кеңінен әңгімеледі. Ол зайырлы мемлекет ұстанымы әрбір азаматтың ар-ождан бостандығын, діни сеніміне қарамастан тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болуын қамтамасыз ететінін атап өтті.
Кездесу барысында оқушылар зайырлы қоғам мен діни құндылықтардың өзара байланысы, мемлекеттің дінге қатысты ұстанымы, экстремизм мен радикализмнің алдын алу мәселелері туралы өз сұрақтарын қойды. Абдрайым Ахмет олардың әрқайсысына нақты әрі түсінікті жауап беріп, жастардың құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Жиын соңында қатысушылар зайырлылық принциптерін сақтай отырып, толерантты және бейбіт қоғам құруға әрбір азаматтың жауапты екенін түсінгендерін жеткізді. Мұндай кездесулер жастардың ой-өрісін кеңейтіп, олардың зайырлы қоғамдағы орнын түсінуіне ықпал ететіні сөзсіз.
Бұл жиын оқушылар үшін пайдалы ақпарат алаңы болды және олардың құқықтық мәдениетін арттыруға, зайырлы мемлекет қағидаларын терең түсінуіне үлкен септігін тигізді.