Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте 5 мамыр күні 7 "Ә" сыныпқа арналған іс-шаралар жоспары бойынша сынып жетекшісі Жүсіп Анардың "Ұранды елдің ұрпағы – қайсар" атты тәрбие сағаты өткізілді. Бұл іс-шара 9 мамыр – "Ұлы Жеңіс күні" қарсаңында ұйымдастырылды.
Сабақтың мақсаты – оқушыларға Ұлы Отан соғысы туралы мағлұмат беру, батыр бабаларымыздың ерлігін үлгі ете отырып, Отан сүйгіштікке тәрбиелеу, сондай-ақ ардагерлерге деген құрмет сезімін ояту.
Сабақ "Мамыр – бірлік пен ынтымақ айы" құндылығы аясында өтті.
Оқушылар үш топқа бөлініп, топтық жұмыс түрінде өзара сайысқа түсті:
1. "Ерлік" тобы – соғыста ерлік көрсеткен қазақ батырлары туралы постер жасап, өз жұмыстарын таныстырды.
2. "Отан" тобы – "Отан үшін от кешкендер" тақырыбында эссе жазып, жүрекжарды ойларын ортаға салды.
3. "Батырлық" тобы – батырлар туралы өлеңдер оқып, әсерлі шағын көрініс сахналады.
Сабақ барысында оқушылардың белсенділігі жоғары болды. Олар берілген тапсырмаларды ынтамен орындап, өз ойларын еркін жеткізе білді.
Сергіту сәтінде оқушылар барлығы бірге "Атамекен" атты патриоттық әнді орындап, сабақтың мазмұнын тереңдете түсті.
Бұл тәрбие сағаты оқушыларға патриоттық рух беріп, өткенге тағзым жасауға және бейбіт өмірдің қадірін түсінуге ықпал етті.