2025 жылдың 14 наурызында Отырар ауданы, Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп базасында Түркістан облысы білім беруді дамыту орталығының жылдық жұмыс жоспарына сәйкес, «Білім беру ұйымдарындағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерді тамақпен, оның ішінде тегін және жеңілдетілген тамақпен қамтамасыз ету» тақырыбында аймақтық тәжірибелік семинар өтті.
Семинарға Түркістан облысы білім беруді дамыту орталығының «Тәрбие және әлеуметтік педагогика» кафедрасының әдіскері Алимбекова Гүлжан, Отырар аудандық білім бөлімінің әдіскері Дүйсенбай Айсәуле, Түркістан қалалық, Арыс, Отырар аудандық білім беру ұйымдарының әлеуметтік педагогтері, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдардың әлеуметтік педагогтері қатысты.
Тәжірибелік семинардың ашылуын және бағдарламамен таныстыруды Алимбекова Гүлжан апай жүргізіп, семинардың тақырыбының өзектілігіне тоқталып, қатысушыларға семинардың мәні мен маңызын түсіндіріп өтті. Бағдарлама бойынша бес баяндамашы өз тәжірибелерімен бөлісті.
Бірінші баяндамашы, Әшірханова Ғазиза Т.Ибрагимов атындағы жалпы білім беретін мектептің әлеуметтік педагогі, білім беру ұйымдарында бір реттік ыстық тамақты ұйымдастыру жөніндегі жұмыстарды түсіндіріп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысы мен 2020 жылғы 24 сәуірдегі №158 бұйрығы негізінде тамақтандыру жүйесін ұйымдастыру бойынша заңнамалық талаптармен таныстырды. Сонымен қатар, ҰБДҚ (НОБД) арқылы оқушылардың әлеуметтік санаттарын басқару және олардың мәліметтерін Excel бағдарламасы арқылы тексеру жөнінде тәжірибе көрсетілді.
Екінші баяндамашы, Жүсіп Анар, Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің әлеуметтік педагогі, білім беру ұйымдарындағы тамақтану сапасын бағалау үшін құрылған бракераждық комиссияның жұмыс тәртібін таныстырды. Ол бракераждық комиссияның тиімді жұмыс жүргізу үшін алдын ала жоспар құру, хаттама жасау тәртібін көрсетті. Бракераждық комиссияның жұмысының маңызды аспектілеріне, оның ішінде санитарлық талаптар мен тамақтану сапасының бағалауы мәселелеріне назар аударылды.
Үшінші баяндамашы, Жаппарқұлов Талғат Ө.Жәнібеков атындағы №4 лицей-интернаттың әлеуметтік педагогі, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен жұмыс жүргізу тәжірибесімен бөлісіп, арнайы презентация қорғады. Ол осындай балаларға арналған әлеуметтік қызметтер мен қолдау жүйесін тиімді ұйымдастырудың жолдары туралы әңгімеледі.
Төртінші баяндамашы, Аманбаева Перизат, Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназияның әлеуметтік педагогі, білім беру ұйымдарындағы тамақтану объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар туралы баяндама жасады. Ол білім беру ұйымдарындағы асханалар мен тамақтану орындарына қойылатын санитарлық нормалар мен ережелерді түсіндіріп, олардың сақталуының маңыздылығын атап өтті.
Бесінші баяндамашы, Зұлпыхарова Гүлбираш С.Әлиев атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектептің әлеуметтік педагогі, мектептегі әлеуметтік педагогтардың жұмысын ұйымдастырудың өзектілігі туралы тренинг өткізді. Тренинг барысында әлеуметтік педагогтардың жұмысындағы басты бағыттар мен міндеттер қарастырылып, тәжірибе алмасу жүргізілді.
Семинар барысында қатысушылар Түркістан облысы білім беруді дамыту орталығының «Тәрбие және әлеуметтік педагогика» кафедрасының әдіскері Алимбекова Гүлжан апайға бірнеше сұрақтар қойып, жауаптар алды. Олар арасында жетім балалардың құжаттары, Форма 4 бойынша қандай отбасы категориясына жататыны туралы сұрақтар да болды. Сонымен қатар, тегін және жеңілдетілген тамақпен қамтамасыз ету бойынша іс құжаттары мен бұйрықтардың қалай жүзеге асатыны да талқыланды.
Семинар соңында қатысушылар осындай тәжірибелік семинарлардың жиі өткізілуін, әлеуметтік педагогтардың кәсіби біліктілігін арттыруға септігін тигізетіндігін айтып, өз ұсыныстарын білдірді. Семинардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны және қатысушыларға көптеген пайдалы ақпарат пен тәжірибе берілгені атап өтілді.