АУҒАННЫҢ ОТТЫ ЖЫЛДАРЫ
Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл. Өмірінің өлшеулі бір бөлігі, жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен от астында өткізіп, тағдырдың жазуымен елге аман – сау оралып, туған жерімен қауышқан ауған соғысына қатысқан ардагер ағаларымызға қанша құрмет көрсетсек те жарасады.
Осы мақсатта бүгін Ш.Қалдаяқов ауылдық мәдениет үйінде «Ауғанның отты жылдары» атты салтанатты жиыны өтті. Жиынға келген көпшілік алдымен мәдениет сарайының фойесіндегі «Ауған асуында от кешкендер» тақырыбында әңгіме қозғады.
Шараға арнайы ауған соғысының ардагерлері, кітапханашылар, жастар және мектеп оқушылары қатысты.Шара барысында ардагерлер он жылға созылған сұм соғыстың қасіретіне тоқталып, жауынгерлік тапсырмаларды қалай орындағаны, түрлі ұлт өкілдерінен құрылған әскерлердің достығы туралы, жас жеткіншектерге патриоттық рухты оятатын естеліктер айтты. Оқушылар ауған ардагерлеріне сұрақтар қойып, патриоттық өлеңдер оқыды. Ауылдық мәдениет сарайының және Абай мектебінің өнерпаздары әннен шашу шашты.
Бұл сұрапыл соғысқа Қазақстаннан 22 мыңнан астам қазақ сарбазы қатысса, оның 2 мыңы Түркістан облысынан, ал біздің Отырардан 32 азамат Ауған жеріне аттанды. Олар «бірінші міндет - Отанды қорғау, берілген тапсырманы мүлтіксіз орындау» деген берік қағиданы ұстанып, Ауған халқының тыныштығын күзетті. Олардың 900-ден астамы сол сұрапыл соғыста ерлікпен қаза тапты, 21-і хабар ошарсыз кетіп, мыңдаған сарбаз елге мүгедек боп оралды. Бүгінгі таңда Отырар өңірінде Ауған соғысына қатысқан 10 ардагерлеріміз бар. Интернационалист-жауынгерлер еліміздің өркендеп, тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болуына өз үлестерін қосып келеді.